Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 2-кітап

Тут можно читать онлайн Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - бесплатно ознакомительный отрывок. Жанр: Языкознание. Здесь Вы можете читать ознакомительный отрывок из книги онлайн без регистрации и SMS на сайте лучшей интернет библиотеки ЛибКинг или прочесть краткое содержание (суть), предисловие и аннотацию. Так же сможете купить и скачать торрент в электронном формате fb2, найти и слушать аудиокнигу на русском языке или узнать сколько частей в серии и всего страниц в публикации. Читателям доступно смотреть обложку, картинки, описание и отзывы (комментарии) о произведении.

Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 2-кітап краткое содержание

Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - описание и краткое содержание, автор Кеңес Оразбекұлы, читайте бесплатно онлайн на сайте электронной библиотеки LibKing.Ru
«Қанатты сөз – қазынаның» 2-кітабында халық арасына кең тараған мақал-мәтел, қанатты сөздердің 700-ден аса бірлігін жинап, қамтыдық. Олардың шығып-қалыптасу тегін танымал жазушылар, этнографтар, тарихшылар мен журналистердің, тағы басқа мамандық иелерінің халық салт-дәстүрлері мен этнографиясы, тарихы мен өмір-тіршілігіне қатысты ой-түйіндеу, мысал-деректері арқылы дәлелдеп көрсетіп, әр қайсысының мағыналарын ашып, түсіндірмелерімен толықтырып отырмыз.

Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - читать онлайн бесплатно ознакомительный отрывок

Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - читать книгу онлайн бесплатно (ознакомительный отрывок), автор Кеңес Оразбекұлы
Тёмная тема
Сбросить

Интервал:

Закладка:

Сделать

«Ақырап ақырын келді, қарлы боранын шақырып келді» деген сөз тіркесі де бұл ай, амалдың қандай қасиетке ие екенін айқындап тұр.

АҚШАНЫҢ СӨЗІНІҢ ҚЫНЫ БАР,

КҮНТУДЫҢ СӨЗІНІҢ ҚҰНЫ БАР,

ЫСТЫНЫҢ ҚЫЗЫЛДАН ДАМБАЛЫ БАР

«Ақша батыр, Ақша елі, Ақшаның қулығы, „Ақша тоған“, Ақшаның бір ер-тоқымы бір кісіні алдағаны жайлы аңыз әңгімелер ұшан-теңіз. Ақша батырдың шыққан ортасы жайлы бірер сөз. Ақшалар қуақы, қақпа сөзге ұста келеді екен. Ел ішінде „Ақшаның сөзінің қыны бар, Күнтудың сөзінің құны бар, Ыстының қызылдан дамбалы бар“ деген бұрынғылардан сөз қалған. Олай дейтіні Ақшалар қу тілді, Күнтулер әр нәрсені дөп басып тауып айтады екен, ал Ыстылар шетінен батыр, әрі сәнқой болған. Олар ертеде қызыл бараттан дамбал киіп, сәнденіп жүретін көрінеді». (О. Хатитұлы, 48. №4, 2001.)

Бұл сөз тіркесіндегі Ақша, Күнту, Ысты – Ұлы жүздің құрамына кіретін рулық мәнге ие болған аталар. (Мәселен, Ақша Суаннан, Күнту Шымыр Дулаттан, Ысты Сарыүйсіннен тарайды). Ру-аталардың ерекше қасиеттерін дәріптеуден сөз тіркесі туған .

АЛА ЖІПТІ АТТАМА

«Қазақта «ала жібінен аттау» деген сөз бар, ол – ұрлық жасау және біреуге қиянат жасау дегенді білдіреді. Ал арғы танымдық – мифтік мәні қалыптасқан шектен, нормадан шығып кету, яғни, белгілі бір тәртіптің шекарасы осы – ала жіп, мысалы, екі дауласушы жақтың арасына ала жіп тасталады не керіліп қойылады. Бұл да шекара, төреші үшін ақ пен қараның шектесу аймағы – ақ пен қара арасы-дағы орта дүние.

Ала жіп жас баланың аяғына тұсау ретінде де пайдаланылады, бұл жағдайда баланың о дүниеден (қазақта туған адам қырық күнге, не бір-үш жылға дейін «әлі бұл дүниелік емес» деп есептелінген) өтіп, тірі адамдар қатарына қосылуы, ала жіпті қиып, шекарадан өтуі болып табылады». (С. Қондыбаев, 62.).

«…Есігіне құлып салмай, ала жіппен байланған. „Ала жібіңді де аттаған жоқпын“, – деген сөз осыдан шыққан». (С. Мәдімарұлы, 73.).

Қазақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқанды ептеп істейтін кезінен – тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырын-дылыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдірге алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді.

АЛА ЖІПТІ КЕСІСТІ

«Біреудің ала жібін аттамау» деген сөз кісіге қиянат жасамау мағынасында қолданылады. Адамдардың бірін-бірі көрместей болып араздасуы – бейнелеп айтқанда, «ала жіпті кесісті» делінеді. Бұл да жоғарыда айтылған ишара-белгіден келіп шығады. Қасиетті киелі жіпті үзу, дұшпанға өлім тілеу мағынасында да қабылданған. Кісілер арасындағы қарым-қатынасты тоқтату да ишараланып, ала жіпті үзу арқылы көрсетілген. Жалпы, ала жіп үзілсе, қасиеті кетеді деп есептелінген». (Г. Ақпанбек, 6).

Өзара ренжісіп, өкпелесіп кетті деген мағынаны береді.

АЛАҢ КЕЛЕ МЕ,

АЛАШ КЕЛЕ МЕ

«Қазақтың „Алаш“ атанғанынан хабардарсың ғой, ә? Бұл сөз сонау Шыңғыс хан тұсынан бастау алады, – деді жазушы (Ғабит Мүсірепов – К.О.). – Шыңғыс хан бар мүлікті төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға берген деседі. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар екен. Сол алты рудың һәр-қайсысына Шыңғыс алты ұран беріпті, һәр руға бөлек таңба, ағаш қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны „Алаш“ болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан, „Алты Алаш“ болады. „Алаш“ деген сөздің алғашқы мағынасы – Отан кісісі (соотечественник) деген сөз десетін бұрынғылар. Және қазақта „Алаң келе ме, Алаш келе ме“ деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң – шет елдің кісісі, Алаш – Отан мағынасында алынған. Тіпті сол заманда Жошы ханға „Алаши“ деп лақап ат қойылған ғой. Алаши – алаштың басшысы (глава соотечества) деген сөз». (Қ. Сәрсекеев, 31. 21. 03. 2012.).

Бұл жаугершілік заманнан қалған сөз, яғни, жастарды күн салып қаратып, «Алаң келе ме, Алаш келе ме?» деп сұрайды, мұнысы: жау келе ме, өз қандасымыз келе ме дегенді аңғартады.

«АЛАШ» АЛАШ БОЛҒАНДА,

АЛАША ХАН БОЛҒАНДА

«Аламан деген ханның бір ұлы анасынан алапес болып туыпты. Соны ұнатпаған хан, атын «Алаша» қояды да, қасына жүз жігіт қосып, шешесі мен Алашаны Ұлытаудан асырып тастайды. Сонда ержеткен Алаша өз бетімен хандық құрып, ел болып кетеді. Алаша өлгенде Ұлытаудан ағатын «Қара кеңгір» өзенінің бойына көміліп, қабірінің үстіне мазар салынады. Сол «Алаша хан» атты әдемі жасалған мазар Ұлытаудағы Кеңгір бойында әлі күнге дейін қаз-қалпында сақтаулы.

Қазақта «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген де сөз бар. Соның мағынасы ғылым жүзінде бертінде ашылып, Қазақстан Ғылым академиясының баспасы, «Қазақстан эпиграфикасы» деген атпен шығарған кітапта белгілі тіл ғалымы Ғайнетдин Мұсабаев «Кеген жазуы» деген еңбегінде тастан жасалған мүсінге және көне жазуға сүйене отырып, «алаш» және «алаша» деген сөздерге талдау жасайды. Ғайнетдиннің баяндауынша, қазақтың «алты алаш» деген сөзі «алты ел» деген ұғымды білдіреді деуі шындыққа жатады. Демек, қазақ сол алтаудың бірі ғана. Өзге бесеуі: қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ және башқұрт. Бұлардың қазіргі аттары мен халық болып бөлінуі соңғы мың жылдың орта тұсынан басталды. Сондықтан қазақта бар рулардың көпшілігі оларда да бар. Кей халық өздері бағынған хандардың есімдерімен аталып кеткен. Мысалы, өзбек, ноғай, т.б.

Ғайнетдиннің жорамалынша, «алаш» хандығы құрылып, «Алаша» ханның билеуі, шамасы бұдан екі жарым мың жылдай бұрын болса керек». (С. Мұқанов, 77..29-30-б.).

АЛАШ АЛАШ БОЛҒАНДА,

АЛАША ХАН БОЛҒАНДА,

ҮЙІМІЗ АҒАШ, ҰРАНЫМЫЗ АЛАШ БОЛҒАНДА,

ҮШ ЖҮЗДІҢ БАЛАСЫ ҚАЗАҚ ЕМЕС ПЕ ЕДІК

(Екінші нұсқасы)

«Халықтың ауызша тарихнамасында Үш жүз қазақтың түп аталары Байшора, Жаншора, Қарашора, енді бірде Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген кісілерден тарайды. Олар бірде бір кісінің балалары болса, енді бірде үш атақты бидің балалары болып саналады. Түркі халықтарының тілінде «шора», «арыс» атты сөздер белгілі бір басшыға (ханға) немесе батырға «әскери серік, көмекші жігіт» деген мағына береді. Айталық, шора (кейде қазақша дыбысталуы «жора») – қазақ, қырғыз, башқұрт, татар тілдерінде «жолдас, жігіт» дегенді білдірсе, «арыс» сөзінің мағынасы «тіреу, тірек» деген ұғымға тіреледі. Арбаның атқа жегілетін белдігі «арыс» деп аталады, яғни ол арбаны аттың қамытына жалғастыратын тірек, тіреу. Шежірелік аңыздардың баяны бойынша, қазақтардың үш жүзге (үш арысқа) бөлінуі анадан ала болып туғандықтан, елден қуылған хан ұлы Алашаны Майқы би баласы Алшындардың өзара біріге отырып орталарынан хан көтеруімен байланысты қалыптасқан. «…Бастапқы бір келген жүз жігіттің қолбасы, мырзасы Үйсінді «Ұлы жүз Үйсін» атады. Түпқазық салықшы болсын. Жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас түйін боп тұрсын десті. Ортаншы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Болатқожа бұл жүз жігіт тосқауылшы орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын деп, оны Орта жүз «Ақжол» атады. Соңғы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Алшынды беті қайтпаған жаужүрек, жан қадірің білмейтін кезуілші деп, қарсы алдында жүріп жауға шабатұғын да осылар болсын деп, Кіші жүз «Алшын» деп ат қойды. Кезуілші қашса тосқауылшыға, тосқауылшы қашса, салықшыға барады, салықшы қашпайды. Тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға бар, көңдімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың үш жүз аталған жері – осы. Бұрынғы заманда қазақтың Жүз деген де аталарының аты болса керек. Алаш деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» атты ұруға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, алаш деп шабыңдар! «Алаш, алаш» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты. Кеше «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деп айтылған сөз содан қалды». (А. Сейдімбек, 32. 21-бет.)

Читать дальше
Тёмная тема
Сбросить

Интервал:

Закладка:

Сделать


Кеңес Оразбекұлы читать все книги автора по порядку

Кеңес Оразбекұлы - все книги автора в одном месте читать по порядку полные версии на сайте онлайн библиотеки LibKing.




Қанатты сөз – қазына. 2-кітап отзывы


Отзывы читателей о книге Қанатты сөз – қазына. 2-кітап, автор: Кеңес Оразбекұлы. Читайте комментарии и мнения людей о произведении.


Понравилась книга? Поделитесь впечатлениями - оставьте Ваш отзыв или расскажите друзьям

Напишите свой комментарий
x