Мұхтар Сейтжанов - Қарсақбай және қарсақбайлықтар
- Название:Қарсақбай және қарсақбайлықтар
- Автор:
- Жанр:
- Издательство:неизвестно
- Год:неизвестен
- ISBN:9785005105080
- Рейтинг:
- Избранное:Добавить в избранное
-
Отзывы:
-
Ваша оценка:
Мұхтар Сейтжанов - Қарсақбай және қарсақбайлықтар краткое содержание
Қарсақбай және қарсақбайлықтар - читать онлайн бесплатно ознакомительный отрывок
Интервал:
Закладка:
Денсаулық сақтау ісі. «Байқоңырда амбулатория және оның аптекасы бар. Қарсақбай болаткомы жанында фельшер жұмыс істейді. Қарсақбайда да, Жезқазғанда да амбулатория және дәрі-дәрмек жоқ. Дәрі-дәрмекті Байқоңырдан алады». (Комбинаттың 1928 жылғы инвентаризация құжаттарын тексеру комиссияның қорытындысынан ҚР ОМА, қор 874, т 1, бет – 27).
Қазақ АКСР Еңбек наркоматының 1927 жылғы қыркүйек айында дайындалған баянхатында Қарсақбайда 16 төсектік, оның ішінде біреуі босанатын әйелдерге арналған, Байқоңырда үш төсектік аурухана, Жезқазғанда амбулаториясы істеп тұрғаны атап көрсетілген. Үш дәрігер, бір акушерка, екі дәрігердің көмекшісі болған.
1933 жылы Қарсақбайда 40 төсектік жаңа аурухана үйінің құрылысы аяқталды. 1933 жылдың аяғында арнаулы білімі бар 8 дәрігер, акушерка, тіс дәрігері, 4 медбибі, оның бір операциялық медбибі жұмыс істеді. Аптека ашылды. 1940 жылы ауруханада төсек саны 75-ке жетті.
Дәрігерлер қарсақбайлықтардың денсаулығын қорғау, ауру-сырқаудың алдын алу, санитарлық жағдайды жақсарту жолында тынымсыз, әрі нәтижелі жұмыс істеді.
Мұнда хирургтар В.Г.Власенко, К.В.Соломин, Ф.М.Мацебура, дәрігерлер А.И.Иванова, Н.И.Николаева, М.И.Копдович, медбибі Т.Д.Улаева, И.Д.Дынкина, А.И.Зальман, т. б. Гиппократтың антына адал денсаулық сақшыларының есімі қарсақбайлықтар ұмытқан жоқ.
Осында болашақ Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген дәрігерлер А.П.Брылина, Ө. Мұқанов, Д. Ахметов, КСРО денсаулық саласының үздіктері З. Жанысбаев, Г.Т.Майш, С. Атабаев, т.б. еңбек жолын бастады.
Терапевт дәрігер Елемес Құрманбаевтың есімін ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол 1975 жылдан отыз жыл бойы Қарсақбай кенттік ауруханасының бас дәрігері болды. Мыс зауыты жабылып, жаңа металлургиялық кәсіпорын қалыптасып жатқанда нарық еніп, кеңестік қатынастар өзгеріске ұшырағанда аурухананы сақтап, қызметін төмендетуге жол бермеді.
Қарсақбай кенттік ауруханасының негізінде отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылған.
Доспанов Қойшыбек(1928, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Кішітау ауылдық кеңесі) – металлургтер әулетінің басы. 1943 жылы қарашада Қарсақбай мыс зауытының темір жол цехында жұмысшы болды. 1952 жылы зауыттың металлургия цехына ауысты. Онда шихта тиеуші, горновой, балқытушы. Кейін Жезқазған мыс зауытында 1975 жылы зейнеткерлікке шыққанша 8-санатты аға балқытушы болып жұмыс істеді. Бүгінде ұлдары мыс зауытының металлургия цехында еңбек етеді. Әулеттің «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындарындағы еңбек өтелі 400 жылдан асады. Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургі.

Доспанов Қойшыбек әулиетімен бірге
Дрейман Рудольф Ансович(1887, Курляндия губерниясы – 1938) – Қазақстан мен Орталық Азияда социалистік құрылысқа белсене қатысқан қайраткер. 1905 жылдан большевиктер партиясының мүшесі. 1903—1914 жылдары жұмысшы қозғалысына белсене қатысқаны, ереуілдер ұйымдастырғаны, патша армиясы қатарында болғанда революциялық насихат жүргізгені, бірінші империалистік соғысқа қарсы шыққаны үшін талай рет жер аударылған, түрмеге қамалған. Қазан төңкерісінен кейін бірқатар өңірлерде контрреволюциялық бүліктерді жоюға қатысты. Азамат соғысы кезінде РК (б) П ОК Батыс майданға жіберді. Латвия ОАК мүшесі және оның байланыс халкомы болды. 1921 жылы 6 қыркүйекте Р.А.Дрейман Риддер қорғасын кенішіне, 1926 жылы желтоқсанда Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатына директор болып тағайындалды. Ол өзін ірі өндіріс ұйымдастырушысы ретінде көрсетті. Осы жылы зауыт электр станциясы ток берді, келесі жылы Жезқазған кенішінде мыс кенін өндіру қайта басталды, 1928 жылы қазанда Қарсақбай мыс қорыту зауыты іске қосылды. Қазақстан үкіметі Р.А.Дрейманды Қарсақбай мыс зауытын қалпына келтіруге сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттауға ұсынды.

Дрейман Рудольф
Еділбаев Шәйман(1917, Ақмола облысы, Жезді болысы, Қарсақбай ауылы – 1998, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті) – аты өңірге мәлім отызыншы жылдардағы жастар жетекшілерінің бірі. Бастауыш мектепте 2 сыныптық білім алады. Қарсақбай фабрика-зауыт оқуы мектебін бітірген. Металл өңдеу бойынша зауыт жастарының көшбасшысы болды. Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып өзі тіленіп от оранған майдан даласында аттанды.

Еділбаев Шәйман
1941 жылы қыркүйек айында әкем ұрыс даласында Коммунистік партияның қатарына кіреді. Алғашқы ұрысқа Ленинград майданында атқыштар дивизиясының сабында қатысқан. Қиян-кескі шайқастар, күші басым жаудың үздіксіз шабуылына тойтарыс беру кеңес әскерлеріне оңай болмады. Кезекті бір ұрыста аяғы мен иығынан ауыр жарақат алып, госпитальда үш ай ем алғаннан кейін Қарсақбайға келді. ФЗО мектебіне сабақ берді. Осы жылы ФЗО мектебінің оқушысы Шәкімар деген қызбен көңіл қосып, отау көтерді. Анамыз оқу бітіргенде 16 жаста екен, құю-механикалық цехына жұмысқа қабылданғанда, шойыннан минаның корпусын құйып, еңбек екпіндісі атанған. Әкем жарақатын толық жазылған соң сұранып қайтадан майданға аттанды. 1944 жылы Литва жерін, Каунас қаласын азат етуге қатынасқан. 13-Вильнюс полкі үш ай бойы Кенигсберг қаласының төңірегінде ірі ұрыстар жүргізіп, 1945 жылы 1 мамырда Германия жеріне өтеді. Қаланың оңтүстік-батысындағы неміс фашистерінің шығыс Пруссиядағы тобын жоюдағы ерлігі үшін әкеміз И.В.Сталиннің алғыс хатымен марапатталған.
Соғыс аяқталғаннан соң Полша, Латвия, Литва, Шығыс Пруссия жерлердегі фашистердің қалдықтарын жоюға қатысты, қираған қалаларды қалпына келтіруде еңбек етті. 1947 жылы елге оралды. Зауытта токарьдаң бастап құю-механикалық цехының бастығына дейін 43 жылдық жолдан өтті. Әкемнің омырауындағы І және ІІ «Отан соғысы» ордендері, «Ерлік үшін», «1941—1945 Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін» медальдары бейбіт еңбекте алған мемлекет марапаттары жарқырап нұрлы жүзіне ерекше көрік беріп тұратын. Біз әке-шешеміздің тағылымды тағдырын мақтан етеміз, ол кісілердей ел игілігіне күш-жігермен еңбек етеміз.
Жанагүл Шайманқызы Еділбаева.
Елемесов Сұлтан(1924, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Майтөбе ауылы – 2012, Қарағанды обл., Жезқазған қ.) – Ұлытау өңірінің құрметті металлургі. Сұлтекең айтады: «Жасымда анамнан жетім қалдым. „Шешесіз жетім – шерлі жетім“ дегенді көңіліммен сезіндім. Әкең болғаны мен ананың орыны бөлек екен. Бұл аз дегендей екі жыл өтер өтпесте әкем халық жауы атанып ұсталып, он жылға Сібірге айдалып кете барды. Сондағы таққан бар кінәсі – қажының баласы, ескіні көксейді. Атасы Есмағанбет екі рет қажылыққа барған деген желеу. Расында да ол кісі қазан төңкерісінен бұрын елдің қамын ойлап, билікке да, алқалы жиынға қатысқан, сөзі өтімді болған. Өз әкем қолына Құран алып, бес уақыт намаз оқысада оқасы жоқ дер едік, ол мұның бірімен де айналыспаған. Шамасы өзінің бірбеткейлігімен, қайсарлығымен ауылдағы белсенділердің жаманы тисе керек, ақыры Магаданнан бір-ақ шықты. Сол жақта қайтыс болды». Е. бір сөзді, ауырдан қашпайтын табанды, қайратты болып ер жетті. Еңбек жолын (1952) Қарсақбай мыс қорыту зауыты темір жолында паровоз машинистінің көмекшісі болып бастап, балқытушы, аға конверторшы болып еңбек етті. 1969 жылдан бастап Жезқазған мыс қорыту зауытында аға конверторшы болып ұзақ жыл істеген. Осы зауытта 1973 жылы 23 ақпанда ең алғашқы кара мыс балқымасын алуға қатысқандардың бірі. Бұл ел көлеміндегі үлкен оқиға болған. Елемесов алғашқы күннен Жезқазған мыс зауытының конверторында мыс балқытқанда Қарсақбайда қолданған әдістерін пайдаланды. Жұмысы көңілдегідей жүрді. Бұл қалай деп ешкім сұраған жоқ. Ал, Балқаштан, Пышмадан, басқа орталықтағы зауыттардан келгендер мыстан шлакты айыра алмай, балқыма тасып аста-төк төгіліп жатты. Зауыттың тұрып қалу хаупі төнді. Сонда ғана Елемесов тәжірибесіне дем қойды. Мәселенің мәнісі мынада болды. Балқаштың, Пышманың концентраттары мысқа кедей, ал Жезқазғанда 54—55% мыс бар. Ендеше штейн мысқа бай болса, оған қоспаларды дәлдеп қосу керек, сонда ғана жоғары сапалы қара мыс аласын. Содан бастап қара мыс Елемесовтың әдісімен алынатын болды. Жұмыс жүрді. Оның тәжірибесін жас балқытушыларға үйрету мақсатында атақты металлург атындағы озат тәжірибе мектебі ұйымдастырылып, озық әдістердің орталығына айналды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Читать дальшеИнтервал:
Закладка: