Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
- Название:Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
- Автор:
- Жанр:
- Издательство:неизвестно
- Год:неизвестен
- ISBN:9785449876317
- Рейтинг:
- Избранное:Добавить в избранное
-
Отзывы:
-
Ваша оценка:
Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 1-кітап краткое содержание
Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - читать онлайн бесплатно ознакомительный отрывок
Интервал:
Закладка:
Кітаптар жайлы пікір-ескертпелеріңіз, алып-қосарларыңыз, баға-лебіздеріңіз болса, мына электронды поштамызға жазып, хабарласуыңызға болады: kenes-0305@mail.ru.
Жинақ балалар мен шәкірт жастарға, ұстаздар мен көпшілік оқырманға арналған.
Автордан.
А
АБЫЛАЙ АСПАС САРЫ БЕЛ
Ел ішінде «Абылай аспас сары бел» деген қанатты сөз бар. Оның мәнісі былай:
«Аралбайдан туған Бәйтелі батыр төре тұқымынан адам өлтіріп, құнды болады. Абылай хан билерін жинап алып, құныкерге өлім жазасын бұйырғанын хабарлайды. Ханның сегіз биінің бірі – немере ағасы Байдалыға Бәйтелі жаутаңдап қарай берсе керек. Сонда Байдалы би: „Несіне қарайсың, лақ құрлы жоқсың ба, бауыздайын деп жатқанда ол да бақырады ғой“, – дейді. Байдалының сөзінің астарын түсінген Абылай өлім жазасын кешіріпті. „Жеті жарғыдағы“ құн төлеудің нарқы атам заманнан белгілі. Ал, қара бұқара төре тұқымын өлтірсе, бұдан былай екі кісінің құнын тартады. Сондықтан Бәйтеліге осы жаза қолданылсын», – дейді. Байдалыдан басқа билер бас шұлғып мақұлдайды. Байдалы: «Тақсыр хан ием, есік алдында сіздің торы төбел тұлпарыңыз байлаулы тұр. Соның төбеліндегі түгі көп пе, жоқ, тұла денесіндегі түк көп пе?» – депті. Абылай:
«Әрине, тұла денесіндегі түк көп», – дейді. Байдалы би сөзін жалғап: «Олай болса төре тұқымы ат төбеліндей аз. Мен жаңа тетелес інім Жәнекеңе (Бекше мен Аралбай бір әкеден, Байдалы Бекшеден, Бәйтелі Аралбайдан туған. Байдалы тетелес немере інісін Жәнекең деп еркелетіп атаған. Содан Бәйтелі аты ұмытылып, Аралбайдан тарайтын бір тайпа ел Жәнекең руы атанып кеткен): „Бауыздайын деп жатқанда лақ та бақырады ғой, бақыр“, – дедім. Ол бақырып аруақ шақырса, ұранға шаппайтын ел болмайды. Сізге қамтуыңыздағы қалың бұқара қарсы шығады. Арғысы Арғын, берісі Мейрамның бес баласы дүрліксе, хан болып тұра алмайсыз. Сондықтан адамнан адамның артықшылығы жоқ, төре тұқымына екі құн төлей алмаймыз. Бір кісінің құнын төлеуге, ол құн даулап отырған адамыңыз нағыз төре болса, талша мойнымыз қылша. Ал, бірақ Бәйтелінің жалалы болған адамы күңнен туған, түбі шикі. Сондықтан жарты құн төлейміз», – деген екен. Сонда Абылай «Сегіз биім, сегіз биімнің ішіндегі семіз биім» деп Байдалының кесіміне тоқтапты. Сол даудан кейін Байдалы «Абылай аспас сары бел» атанып кеткен екен.
«Абылай аспас сары бел» – бұл хан Абылайдың өкім, үкімі жүрмейтін жері болады дегенді, былайша айтқанда, ұлық, әкім, төрелердің де айтқаны, үкімі жүрмейтін шек бар. Сол шекте тұрсың дегенді аңғартады.
АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА, АС КӨП,
АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА, АТ КӨП
Ағайынды екі жігіттің отбасы өзара тату-тәтті өмір сүріпті. Бірде «Осы тату-тәтті тұрмыстың ұйытқысы біз – ер-азаматтармыз», – деп мақтаныпты ағайындылардың кішісі әйеліне.
– Ал бізді – абысындардың еңбегін неге ескермейсің? – дейді жұбайы.
– Біз бас болсақ, сендер мойын емессіңдер ме. Ендеше бас қалай қараса, мойын да солай бұрылмай ма…
Әйелі бұған салғыласпай, өз шаруасымен жүре береді.
Бір күні олар жігіттің ағасын отбасымен қонаққа шақырады. Қой сойып, ет асып, мүше-мүшесімен дастарқанға қояды.
Ағайындылардың үлкені қойдың алдыңғы сирақтарын өз балаларына беріп, артқы сирақтарын інісінің балаларына ұсыныпты. Сонда кішісінің әйелі күйеунің құлағына: «Сирақтарды қалай бергенін көрдің бе? Алдыңғы аяқтарын – өз балаларына, артқы сирақтарын сенің балаларыңа берді. Яғни, ол өз балалары алда, озық болсын, ал сенің балаларың артта, соңында жүрсін дегені ғой», – деп сыбырлайды.
Ағасы інісінің балаларына жұлын берген еді, «Көрдің бе, сенің балаларың жұлындай үзілсін деген ойын», – деп қояды. Ағасы інісінің балаларына ми ұстатқан еді, «Әне, ол балаларыңның ақыл-ойы мидай былжырақ, су ми болсын деп беріп жатқанын түсіндің бе?» – дейді. Әйелінің осы сөздерінен кейін кішісі ағасымен ұрсысып, сөзге келіп қалады. Сонда кішісінің әйелі оларды қайта татуластырып, күйеуінің өткендегі әңгімесін есіне салады да, «Екі үйдің береке-ынтымағы біз – абысындарға да байланысты, „Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп“ деген», – деп ынтымақ-бірлікке шақырады.
Яғни, бұл мақал ағайын мен ағайын, абысын мен абысын тату, ынтымақты болса, үйлеріне береке байлық, молшылық та келеді деген ойды береді.
АДАЙ МЕН ТАЗ ЕМШЕКТЕС
Байұлының (Қыдырдың) Жанби, Ұлжан есімді екі әйелі болса керек. Жанбиінен туған Қанбибі есімді қызы болыпты.
Бір күні бойжеткен Қанбибі жақын құрбыларымен сейіл құрып сыртқа шығады. Табиғаттың толыса құлпырған кезі болса керек. Сейіл-серуен құрған қыз-келіншек гүл-құрағы жайқалған бұлақ басына келіп дамыл алады. Сол жерде Қанбибінің көзі ілініп кеткен екен, әлденеден тұла бойы шымырлай балқып оянып кетеді. Көзін ашып байқаса, көктен саулап құйылған нұр іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын балқытып жатыр екен дейді.
Осы нұрдан Қанбибінің бойына перзент бітіп, айы-күні толған соң босанады. Жай босанбайды, бойына әкесіз бала біткен соң, жасырын босанады да, баланы құндақтап, қыр астына апарып тастайды.
Ертеңіне серуендеп түзге шыққан Бай жылап жатқан құндақтаулы балаға тап болады. Баланы үйге алып келіп, Әспенбет деген көріпкелді шақыртады. Әспенбет баланы көріп, «Атыңды шығарар арысың осы болар» деп батасын береді. Бұған қуанған Бай ұлан-асыр той жасап, баланың атын Адай қояды.
Бұл кезде Байдың әйелі Ұлжанның Таз деген баласы емшекте екен. Ұлжан Адайды да бауырына алып, Таз екеуін бірге емізіп өсіреді. Әлгі, «Адай мен Таз емшектес» дейтін сөздің мәнісі осы.
Адай, таз – он екі ата байұлының ішіндегі рулар. Шежіре дерегі бойынша, Кіші жүз құрамындағы байұлы он екі ата, қыздың баласы – Адаймен он үш ата дейтін сөз бар. Мұның мәнісі, Байұлының Қанбибі деген қызынан туған Адай шешеден нәресте кезінде жетім қалады да, Таздың шешесі бауырына салып, Таз бен Адайды тел емгізіп өсіреді. Байұлының басқа бұтақтарына қарағанда, Таз бен Адайдың бір-біріне етете болатыны содан. Таз руынан шыққан Қашқынбай ақынның жеме-жемге келгенде «Емшектес адай қайдасың?!» – деп қолдау күтуінің де бір сыры осында. (А. Сейдімбек).
Осы орайда «Аққу мен қаз егіз, адай мен таз егіз» деген мағыналас мақалды да айта кеткен жөн.
АДАЛ ДОСТЫҚ ӨМІРЛІК НҰСҚА БОЛАДЫ,
АМАЛ ДОСТЫҚТЫҢ ӨМІРІ ҚЫСҚА БОЛАДЫ
Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары:
– Достық нешеу? —деп сұрақ қояды.
Сонда Әйтімбет тұрып:
– Достықтың екі түрі болады. Бірі адал – достық, екіншісі – амал достық.
– Дұрыc-ақ. Енді оларды қалай ажырата аламыз? —дегендерге:
– Адал достық өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өмірі қысқа болады, – деп жауап берген екен Әйтімбет шешен.
Читать дальшеИнтервал:
Закладка: