Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
- Название:Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
- Автор:
- Жанр:
- Издательство:неизвестно
- Год:неизвестен
- ISBN:9785449876317
- Рейтинг:
- Избранное:Добавить в избранное
-
Отзывы:
-
Ваша оценка:
Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 1-кітап краткое содержание
Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - читать онлайн бесплатно ознакомительный отрывок
Интервал:
Закладка:
– Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! – дейді. Сонда қалмақ ханы:
– Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім? – депті.
– Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ, руым қаракесек, – депті.
– Дауысың қаз дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы! – депті хан. Сонда Қазыбек:
– Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен темір де, біз көмір,
Еріткелі келгенбіз.
Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге,
Танысқалы келгенбіз.
Танысуға келмесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан да, біз арыстан,
Алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімбіз,
Жабысқалы келгенбіз.
Берсең жөндеп бітімді айт,
Не тұратын жеріңді айт! – депті.
Сонда Қоңтажы сөзге тоқтап, қазақтардың шабылған мал-жанын аман-есен елге қайтарған екен.
Қазыбек бидің Қаз дауысты атануы осы оқиғаға қатысты. Сол кезде Қазыбек он бес жастар шамасында.
Міне, аға тұрып іні сөйлейтін осындай шақ болады, оған да қазақ: «Ақыл жастан, асыл тастан», деп тұжырымын жасаған. (Ғ. Есімнен).
«Асыл тастан» болатыны, жер бетінде кездесетін гауһар, алмас, лағыл, жақұт, кәрібтас, інжу - маржан және тағы басқа асыл минералдардың бәрі тас күйінде кездеседі. Тіпті, алтын мен күміс те тастан қорытылып алынады ғой.
АЛАТЫНЫҢ МЕН ЕМЕС,
АЛДЫҢДА ӘНЕ ЖАТЫР, ҚҰДАЙ!
Шын қауіп-қатер төнсе, біреуді арашалау жайына қалар, өз жайыңды қай жерге қоярыңды білмей сасарсың, қорқып-үркіп қашарсың, деген мағынада айтылады.
Ертеде бір әйелдің баласы төсек тартып, қатты ауырып қалыпты. Әйел: «Енді қайттім, мұны алғанша, мені неге алмайды, қу құдай!» деп, неше түрлі сөздерді айтып, жылап-еңіреп, елдің ығырын шығарады. «Қой» десе, одан бетер өршеленіп, баласының тынышын алады. Әйелдің бір қайнысы: «Күйдірді ғой» дейді де, ел тарап, ымырт түсе, үстіне үлкен тонды теріс киіп, неше түрлі нәрсені даңғырлатып, сыңғырлатып, киіз үйдің шаңырағынан секіріп түседі де, жеңгесіне қарай қорбаңдай жүреді. Сол кезде үрейі ұшқан әйел:
Даңғырлаған, даңғыр құдай!
Саңғырлаған, саңғыр құдай!
Алатының мен емес,
Алдыңда әне жатыр, құдай! – деп, екі қолымен баласын көрсетіп, өзі есікке қарай тұра қашыпты.
АЛАШ – АЛАШ БОЛҒАНДА,
АЛА ТАЙ АТ БОЛҒАНДА,
ТАҢБАСЫЗ ТАЙ, ЕНСІЗ ҚОЙ БОЛҒАНДА,
АЛАША ХАН БОЛҒАНДА
Есте жоқ ескі заманда Сыр бойында отыз екі баулы (рулы) елді билеген Қызыларыстан атты хан болса керек. Күндердің бір күнінде Қызыларыстанның жорықта олжа болған әйелінен ерекше бір ұл бала туады. Баланың тұла бойы алапес болса керек. Қызыларыстан хан баласының алапес болып туғанын жаман ырымға балап, Бетпақтың шөліне апарып тастайды (аңыздың келесі бір нұсқасында Сырдың суына ағызып жібереді). Тағдыр жазып алапес балаға перзенттен зарығып жүрген бір пақыр тап болып, асырап алады. Бала ақылына қайраты сай жігіт болып ер жетеді. Төңірегіне даңқы жайылып, Алаша атанады.
Алашаның даңқы Қызыларыстан ханға да жетеді. Содан, хан өзінің қараша биі Қотанмен ақылдасқан екен (аңыздың кейбір нұсқасында Майқы бидің де аты аталады), Қотан би: «Нағыз ер болса, елге қорған, жұртқа пана болар, ордаға шақырайық», – деп, Үйсін деген үлкен ұлының жанына жүз жігіт қосып аттандырады. Үйсін Алашаны іздеп тауып, таныс-біліс болған соң, сонда қалып қояды. Келесі жылы Қотан би Ақжол (Болат деп те айтылады) деген баласының жанына жүз жігіт қосып аттандырған екен, ол да Алашаның жанында қалып қояды. Қотан би үшінші жылы Алшын деген кіші ұлының жанына жүз жігіт қосып аттандырса, олар да қайтпапты.
Сөйтіп, Алашаға келіп қосылған үш жүз жігіт үлкен күшке айналып, төңірегіне ықпалын жүргізіп, өсіп-өнеді. Алаша хан болып, қарауындағы ел Алаш жұрты атанады. Алаш жұрты өсіп-өне келе Үйсін бастаған жүз жігіттің әулеттері – Ұлы жүз, Ақжол бастаған жүз жігіттің әулеттері – Орта жүз, Алшын бастаған жүз жігіттің әулеттері – Кіші жүз болып белгіленеді. Қазақ арасында күні бүгінге дейін айтылатын «Алаш – Алаш болғанда, ала тай ат болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда, Алаша хан болғанда» деп басталатын қария сөз сол заманнан жетсе керек.
АЛҒАНДЫ БІЛГЕНДЕ,
БЕРГЕНДІ БІЛМЕСЕҢ, ЖЕТЕСІЗ БОЛАРСЫҢ
Қашаған би қыдырып келген құдасына кетерінде бүкіл елге әйгілі Қаракеш жорғасын мінгізіп жібереді. Бұған баласы Әбіттің ренжігенін сезген би:
– Алғанды білгенде, бергенді білмесең, жетесіз боларсың, – депті.
Сол құдасы қонақ болып барған Әбітке атан түйе сыйға тартқан екен.
Жалпы адамдар арасындағы қарым —қатынас өзара сыйластықпен, барыс-келіспен және алыс-беріспен де нығая түсетінін ұмытпау керек.
АЛЛАҢНАН ОЙБАЙЫМ ТЫНЫШ
Бір күні бір адам ауырып, қатты қысылып, ауру жанына батқан соң, «ойбай, жаным, ойбай» деп күңіреніпті. Аурудың аузына иман салмақ болып келген молда мұны естіп, қатты қынжылып: «Өзің жан үзгелі жатып, албастының атын атап, ойбайға жалынғаның не? Иман айт, Алладан медет тіле, «Алла, Алла» деп айт» депті. Ол: «Алла!» деп бір ыңыранып көріпті де, қайтадан ойбайға басып күңірене беріпті. «Алла» – деп неге айтпайсың?» – деп сұрапты молда. «Аллаңнан ойбайым тыныш екен» – депті әлгі ауру адам. Бұл сөз қалың жұртқа жайылып, мәтел болып кеткен екен.
Мәтелдің мағынасы, маған басқа қонбайтын жөн-жоба үйретпе. Қарапайым, қарабайыр болса да, өз жөнім дұрыс деген ойды айтып тұр.
АЛМА ПІС, АУЗЫМА ТҮС
Бұл сөз ойлаған ойым, тілегім өзінен өзі іске асып, орындалып жатса екен деп, еңбек, әрекеттен қашқан адамдарды сынағанда айтылады.
Баяғыда екі жалқау болыпты. Жалқаулықтары сонша, тіпті, еріндерін қимылдатуға да ерінеді екен.
Күндерде бір күні, екеуі алма ағашы түбінде жатқанда, бірінің көзі алмаға түседі.
– Алма піс, аузыма түс! – дейді. Екіншісі оған:
– Ерінбей, жалықпай соны қалай айттың? – деп ренжиді…
«Алма піс, аузыма түс», – деген сөз содан қалыпты.
АЛПЫС ЕКІ АЙЛАЛЫ
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде түлкіден қу хайуан жоқ деп есептеледі. Аңшылар аузында көп кезігетін аңыз-әңгімелердің бірінде түлкі: «Менің алпыс айлам бар, ал адамның алпыс бір айласы бар. Сол бір айласының артықтығы ғой, олардың қанжығасынан менің басым көп көрінеді», – депті-мыс.
Читать дальшеИнтервал:
Закладка: