Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 2-кітап
- Название:Қанатты сөз – қазына. 2-кітап
- Автор:
- Жанр:
- Издательство:неизвестно
- Год:неизвестен
- ISBN:9785449889812
- Рейтинг:
- Избранное:Добавить в избранное
-
Отзывы:
-
Ваша оценка:
Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 2-кітап краткое содержание
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - читать онлайн бесплатно ознакомительный отрывок
Интервал:
Закладка:
«…Аттыға ерем деп жаяудың таңы жыртылады» деген мақал күш келмейтін іске жармасатын адамдар жайында айтылады. Таң – сан мен сүбенің* түйіскен тұсы». (С. Мұқанов, 77.).
*Сүбе – қабырға етегіне біткен майлы қалың ет.
АТТЫҢ ЖАЛЫНДА,
АТАННЫҢ ҚОМЫНДА
Бұл сөз тіркесі бүгінде үй-күйсіз, жағдайсыз, төрт құбыласы тең емес жағдайда жасалған, дайындалған дүниені сипаттағанда, түсін-діргенде қолданылады.
«Аттың жалында, атанның қомында*» деген мәтелді де бұза-жара қолданып, «аттың жалында, түйенің қомында» деп жүрміз. Бұндай қом—майдың жиналуы көбіне атандарға ғана тән. Барлық түйе қом жинай бермейді. Атан түйе ат сияқты, өгіз сияқты күш көлігі. Бұл ыңғайсыздықты, асығыстықты білдіретін, қазақтың ертеде бір жерде тұрақтамай үдере көшуінен туындаған мәтел болуы мүмкін». (Ж. Омаров, 85.).
АТ ҰСТАР
«Бала туғанда баланың әкесінен, атасынан немесе нағашы жұртынан сүйінші сұрай алдынан шыққан адам ұл болса, „Ат ұстар“ деп, қыз болса „көйлек тігер“, „қырық жеті“ деп хабарлаған. Кейінгісі қызды қалың малға беруге, „жат жұрттың адамы“ деп қарауға байланысты туған ой-пікірлердің көрінісі», (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.14-б.).
Ат ұстар – үйдің иесі, мұрагері дегенді аңғартады.
АТЫНЫҢ СЫРЫ ИЕСІНЕ МӘЛІМ
«Осы тұста қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетін жылқылардың болатынын ескере кеткен жөн. Бірі тоқжарау күйінде жақсы шапса, енді бірі әбден жеңілдеп жарағанда ғана жақсы шабады. «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей, нағыз атсейіс қолындағы сәйгүліктің тілін білуге тиіс. Мұндайда, жаратар аттың қара еттілігін, май еттілігін жазбай танитын атбегінің қапысыз танымы қажет. Онсыз жоны тырсиып тұрған қара етті жылқыны жаратамын деп, жілік майын үзіп алу немесе олпы-солпы болып тұрған май етті жылқыны жүдеу екен», – деп кем жаратып алу оп-оңай». (А. Сейдімбек, 92.).
Мінез-қасиетіне, ерекшелігіне қанық деген мәнде ұғынылады.
*Қом— түйе өркешінің түп жағындағы тұтаса біткен жота майы.
АТЫМТАЙ ЖОМАРТ
(Екінші нұсқасы * )
«Қазақ арасында Атымтай (арабша Хатимтай) көбірек аталады. Себебі, ол байлықпен емес, мырзалықпен (жомарттықпен) атын шығарады. Біреу Атымтайға: „Мен де сендей жомарт болам“ дейді. Бірақ алғаш берген адамы сол күні екінші рет келгенде: „Мана алып едің ғой“ депті. Бақса, сұраншы болып жүрген Қыдыр (ырыстың атасы) екен. Сонда Қыдыр: „Сен қалай Атымтай бола аласың? Ол күніне неше барсаң да бетіңді қақпайды, ал, сен, екі келгенде сараңдық жасадың!“ – депті-міс». (С. Мұқанов, 77.150-б.).
Кеңпейіл, қолы ашық, жомарт кісілерді дәріптегенде, осы Атымтай жомартқа теңейді.
АТЫ ЫРАҢДАП,
АДАМЫ ТЫРАҢДАП
«Аты ыраңдап, адамы тыраңдап» деген мақалға түсінігі (С. Мұқанов «Өмір мектебі» – К.О.) мынадай: «Ыраң» деген сөзді біздің ел мақалға қосқанымен, не екенін білмейді. Ол шөптің бір түрі екенін мен бертінде, Жетісу елінен ғана естідім». (Қ. Әлім, 31. 03. 02. 2011).
Аты – оттап, жайылып, өзі ұйқы соғып әлек деген әзіл-қағытпа. Астарлы мағынасы: Адамдар әрі-сәрі күйде болып, шаруалары жүрмей, бетімен кеткен ұжым, шаруашылықтарды сынағанда айтылады.
АУЗЫН АРАНДАЙ АШЫП
Ашқарақтық, тойымсыздық, қомағайлық танытқан адамды осылайша бейнелейді.
«Ерте заманда аран, керен деген мүйіз сыртты мақұлық болыпты деседі көнекөз қариялар. Ол екеуі де жеміне шапқанда аузын ашып алып жүгірсе керек-ті. Шамасы, қомағай, ашқарақтығы шығар. „Аузын арандай ашып“ деген тіркес содан қалған деседі». (Б. Қыдырбекұлы, 69.).
Ел арасында айтылатын «Аузын керіскедей ашып» деген сөз тіркесі де жоғарыдағыдай ұғымда қолданылады. Соған қарағанда, керіске де сондай алып аңның (сусиыр, мүйізтұмсық сияқты) бірінен болса керек.
* «Қанатты сөз – қазына», 1-кітабын қараңыз.
АУЗЫНДА ӘЗІЛІ ЖОҚТЫҢ
ҚОЛЫНДА ШОҚПАРЫ БАР
«Қалжыңды кек алуға, кекетіп келемеждеуге, кемсітіп сағын сындыруға қолданса, қадірі кетеді. Ол қалжың емес, төбелестің басы болады. Құрығанда көңілде дық қалады. Сондықтан әзілді орнымен келістіріп айта да білу керек, жүйесімен түсініп, қарымды жауап қайтара да білу керек. Әзіл-қалжыңның қасиеті – тапқырлық пен шапшаңдықта. Әдемі әзіл ақылдан шығады. „Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар“ дейді. Әзіл-қалжыңды түсінбейтіндердің көбі ақ-қараны ажырата алмайтын топастау келеді. Қалжыңға бола ерін бауырына алып, тік шапшитындарға сөзді қор етпеген абзал. Ал бірін мыңға балап жүретін көңілі көл, жаны жайсаң адамдар болады. Олар айналасына күлкі сыйлап, өзгені жадыратып, өзі жарқырап жүреді». (Б. Момышұлы, 15. 29-б.)
Әзіл-қалжың сөзге әзілмен, тапқырлықпен жауап берудің орнына, қалжың айтқан кісіге ренжіп, өкпелеп, кейде жұдырығын ала жүгіретін, әзілді түсінбейтін топастау кісілер болады. Жоғарыдағы мақал сондай кісілерді әшкерелегенде қолданылады .
АУРУДЫҢ ЕМІ – САУДЫҢ СӘЛЕМІ
«– Пенде шіркін асығын күнде алшы түсірсе де, басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Ауырмайтын адам жоқ. „Аурудың емі – саудың сәлемі“ дейді. Ең бір сауабы үлкен сәлем – сырқат адамның қолын алып сәлемдесіп, көңілін сұрау. Жаны мен тәні бірдей қиналып, „әлдеқалай болам“ деп көңілі күпті, жүрегі қаяу тартып жатқан кісіге жылы-жылы сөз айтып, рухын көтеру ауру адамның көңіліне – медет, бойына қуат береді. „Жақсы сөз – жарым ырыс“ деп тегін айтлымаған. Сол ауру адам, Алла емін салып жазылып кетсе, сенен жәрдем көргендей кездескен жерде ықыласы ерекше болады да жүреді. Неге десең, жайшылықтағы сәлемнен науқас кездегі сәлемнің орны ерекше, жөні бөлек сезіледі. Жаман айтпай жақсы жоқ, бұл дүниедегі татар дәмі таусылып, қазаны төңкерілсе, тірі кезінде сәлем беріп, көңілін сұрап тұрғаның үшін, тірлігінің соңғы күндерінде тілдесіп қалғаның үшін өзіңе риза боласың. „Әттеген-ай, сонда неге бармадым“ деген өкініштің уыты жүрегіңді езбейді». (Б. Момышұлынан. 15.70-71-б.)
Аурудың көңілін сұрап, арнайы барып сәлем беру арқылы оның көңілін көтеріп, жайландырасың. Рухына дем беріп, сауығуына сенім ұялатасың деген мәнде ұғынылады.
АУЫЗДЫҒЫМЕН АЛЫСТЫ
«Ауыздығымен алысты» деп асау, бас білдірмеген, бойға үйрет-ілмеген аттарға айтылады. «Ауыздығын қарш-қарш шайнап, ауыздығымен алысып тұр» дейміз кейде». (Ж. Бабалықұлы, 24. 273-274-б.).
Аласұрып, жанын жеді, жұлқынды деген мағынада.
АУЫЗДЫҚТАУ
«Ауыздық – жүгеннің ат аузы ішінде тұратын бөлігі. Ауыздық екі бөлшек саусақтай жұмыр темірден жасалып, бір-біріне шығыршықты, үзбелі, қозғалмалы етіп түйістіріледі. Екеуі біріккенде бір сүйемдей болады. Ауыздықтың екі басы екі сулыққа бекітілген. Мұның бәрі де қозғалмалы бөлшектер. Ер-тоқым, айыл-тұрман жабдықтары ішінде ең керекті бөлігі жүген болса, ал жүгеннің барлық абырой, атағы ауыздыққа байланысты. Асау, тарпаңды ырқына көндіру ауыздықтау арқылы көндіру, тәртіпке шақыру мақсатымен адамға қатысты да айтылады». (Ж. Бабалықұлы, 24.275-б.).
Читать дальшеИнтервал:
Закладка: