Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 2-кітап
- Название:Қанатты сөз – қазына. 2-кітап
- Автор:
- Жанр:
- Издательство:неизвестно
- Год:неизвестен
- ISBN:9785449889812
- Рейтинг:
- Избранное:Добавить в избранное
-
Отзывы:
-
Ваша оценка:
Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 2-кітап краткое содержание
Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - читать онлайн бесплатно ознакомительный отрывок
Интервал:
Закладка:
БЕСІКСІЗ ҮЙДЕ БЕРЕКЕ ЖОҚ
Бұл – баласыз үйде береке жоқ дегені.
«Қай халықта да жұбайлар отбасын құрған соң, олар баласы болуын арман етеді. Себебі, бала – өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі, берекесі, ерлі-зайыптылардың тіреу-діңгегі. Сондықтан да қазақ халқы „Бесіксіз үйде береке жоқ“ деп ой топшылаған». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.).
БЕТКЕ ҰСТАР
«Ендігі әңгіме мейлі ханзада Сыңлы немесе Нулы болсын, біз айтып жүрген еш қазақ тайпаларының құрамында аты жоқ сақ ханзадасы болсын, әйтеуір бүгінгі қабырғалы қазақ халқының, дүниежүзі мәдениеті алдында бетке басар байлығы, ұлттық мақтанышы, рухани азығы, алтын тамыры екендігі анық». (С. Әмірбекұлы, Г. Айтжанбай, «Айқын», 09. 01. 2015.).
«Бетке басу» сөз тіркесі, «адамның айыбын, мінін, кемшілігін бетіне айту, көзінше ашық мәлім ету» деген мағынаны білдіреді. Әңгімеге арқау болып отырған ханзадаларымыз біздің бетке басар мініміз, кемшін тұсымыз емес, тамыры терең тарихымызды паш ететін ұлттық мақтанышымыз. Ендеше, бұл жерде «бетке басар» емес, керісінше, «үлгі тұтар, мақтан етер» деген оған кереғар мағынада жұмсалатын «бетке ұстар» тіркесі қолданылуға тиіс еді. Қаламы төселеген, көп жылдық тәжірибесі бар, тілді тәуір біледі деп саналатын белгілі журналист әріптестеріміздің осы сөз тіркестерінің мағынасын айырмады деуге сену қиын. Алайда, газет бетіне тайға таңба басқандай жазылған сәтсіз қолданыс көзге ұрып-ақ тұр». (Ш. Құрманбайұлы, 9. 5—11. 11. 2015.).
БЕТІНЕН БОЗДАҒЫ АҒЫП ТҰР
«Боздақ көктемде жүні күзелген түйе жануарының терісі үстіне күсқыртысы сорланып, тұз тәрізді бір зат бетіне жағылғандай көрінеді. Түйе терісінің күсқыртысындағы осы реңді қазақ тілінде боздақ деп атайды. Адамның қарны ашып, күйі кетіп, әлсіреген кезде, бет әлпеті, өң-түсі өзгеріп, қаны қашып, бозарып, сұрланып, беті шаңыттанып, бет түгі үрпиіп көрінген сол сәтін қазақтар „бетінен боздағы ағып тұр“ дейді. Бұл жалғаннан қыршын кеткендерді „боздақ“ дейді. Боздақ – кінәсіз, кіршіксіз жас, таза жастар, сүттен ақ, судан тұнықтар». (Ж. Бабалықұлы, 24.222-223-б.).
Бетінен боздағы шықты деген түрі де бар. Түр-кескіні бұзылып, өңі қашып, жағдайы болмай тұр деген мағынада.
БЕТІҢ ТІЛІНСІН
«Империя болып ғасырлар бойы дамығандықтан, Хун ордасында қатаң тәртіп болған. Кімде-кім ұрлық қылса, әлде басқа бір қылмыс жасайтын болса, бұдан былай ондай істі жасамас үшін әлгі айыпты адамның бетін тілетін болған. Тілінген жер өмір бойы тыртық болып қалады, демек бір кезде жасаған қылмысы мен қиянаты бүкіл өмірінде көрініп жүреді. Ондай адам екінші қылмыс жасауға батылы бармайды, себебі келесі жаза – өлім. Сондықтан осы күнге дейін қазақ арасында ұрысқанда, қарғағанда „бетің тілінсін“ деп айтады. Міне, сол заманмен тікелей жалғастырып тұрған әдет-ғұрыптың бірі – осы». (С. Өтенияз, 84.48-б.).
Ашу, ызалы жағдайда негізінен әйелдер тарапынан айтылатын сөз.
БОЗДЫ ЖЕРДЕ БОЗ ЖЫЛҚЫ СЕМІРЕР
«Боз от – бидайық, бетеге, қоңырбас, изен, ебелек, тағы басқа шабындық шөптердің жалпы атауы. „Бозды жерде боз жылқы семірер“ деген мақал осыдан шыққан. Бетегелі жондар, қауданды ойпаттар жылқыға қолайлы». (Ж. Әмірханова, 37.).
Бұл мақалды «бозды жерде боз жылқы ғана семірер деп тура мағынада емес, жалпы жылқы малы бозды жерде семіреді, қоң жияды деп ұғу керек.
БОЗҚЫРАУДЫҢ АМАЛЫ
«Бозқыраудың амалы. Қазақ сөздігі бойынша „бозқырау“ деп, қара күзде ағащтың бұтақтарында, шөптің бетінде болатын қырбықты айтады. Қазан айының 20-21-лері шамасында күн райы салқындай бастайды. Бұл суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20-25-і шамасындағы қардың көрінуін „ұшқын“ деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4-5-інде қар түсіп, жатып қалады. Осы айдың 17-19-ы шамасында қай жылы болмасын жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын халық есепшілері күні бұрын ел-жұртты хабардар етіп отырған». (Г. Исаева, 9. 24—30.09.2015.).
БОЙ ЖАСАДЫ
Адамның қайтыс болар, үзілер алдындағы көңіл көтеріп, сергек қалыпқа түсуі.
«…Өлген адамнан келер ешбір қауіп жоқ, тірі адамнан қорқу керек. Жаны ұшып кеткен марқұм тірілердің қамқорлығына мұқтаж болып қана жатады. Мен майданда өлімді көп көрдім. Өлімнің бетіне тура қарап жүрдім. Талай боздақтар көз алдымда жан үзді. Жаралы болып қансырап жатса да, алда өмірі бар адам мен татар дәмі таусылған адамның көзқарастары екі бөлек болады. Мен соны ұққан адаммын. Қазақта „бой жасады“ деген сөз бар. Көп адамдар бақиға аттанарда бір күн бе, бір сағат па, бір сәт пе – былайғы адамдарға тәуір бола бастағандай көрінеді. Мен ешқандай сәуегейлік жасаған жоқпын, ұқтың ба?..» (Б. Момышұлы.15. 318-б.)
БОҚЫРАУ
«Боқырау – күздің қар жауып, суық түсе бастаған кезі. Күздің бұл мезгілі Сары жұлдыздың (Есек қырған) көкке көтеріліп, жер-көктің суыта бастайтын, жер бетіне алғаш қырау түсетін кез. Мал аяғы қыстауға ілігіп, күйекке түсетін уақыт. Қазақстанның кейбір аймақ-тарында (Орталық, Оңтүстік облыстарда) бұл мезгілді „мал күйектейтін шақ“ деп те атайды». (Г. Исаева. 9. 24—30.09.2015.)
БОЛАТ КЕЗДІК ҚАП ТҮБІНДЕ (ЖАТПАС) ЖАТПАЙДЫ
«Бұл мәтел жайында ел арасында талас та, дұрыс айтпаушылық та көп. Сөзіміз дәлелді болу үшін баспасөз бетінде жарияланған екі мысалды ғана келтірейік.
«Ана тілі» 2005 жылғы мамырдың 26-сы. Тақырып: «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» (?) деп жазды.
Бұл мүлде дұрыс емес! Өйткені, ол қылыш туралы емес, ол: «Алмас пышақ қап түбінде жатпайды!» деп айтылады. Дұрысы сол! Енді қылыш туралы: біріншіден, қылыш алмастан жасалмайды, екіншіден, қылыштың қабы қын емес, қынап! Қын пышақтың, кездіктің қабы. Бір метр қылыш бір қарыс қынға қалай сияды? Міне, білмей, білуге де талпынбай жаза салу деген осы». (Ү. Тастанбеков, 9. 10—16.07.2014.).
«Болат кездік қын түбінде жатпайды» делінген нақылымызды: бірі «алтын кездік», бірі «асыл кездік», енді бірі «алмас кездік» деп «анықтап» әлек. Қазақ кездікті алтыннан да, алмастан да емес, болаттан жасаған. Сондай-ақ, бұл «анықтағыштардың»: «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дейтінін қайтерсің. Қын-пышақ пен кездіктің қабы, ал қанжар, қылыш, семсердің қабы – қынап». (Ғ. Қабышұлы. 47. 19.09.2014.).
Ал бұл мәтелдің тағы бір нұсқасын белгілі ақын, этнограф Өтебай Тұрманжанов «Қазақтың мақал-мәтелі» жинағында (Алматы-1980, 121-бет) «Болат біз – қап түбінде жатпас» деп келтіріпті.
Біздің ойымызша, қисын, логикаға келетіні: «Болат кездік қап түбінде (жатпас) жатпайды» деген нұсқасы болар. Өйткені, өзіне сайланып жасалған қында тұрақтап тұратын өткір кездік қаптың түбіне тастаса, оны тіліп түсетіні белгілі ғой.
Ал енді мәтелдің мағынасына келсек, бойында талап-жігері, өнер-өрісі бар адам құр бекер жатпайды, елге, жұртқа пайдасын тигізеді, бойындағы сегіз қырлы өнерімен, өткірлігімен жарқырап шығып, елге атын танытады деген ойды бейнелейді .
Читать дальшеИнтервал:
Закладка: