Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
- Название:Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
- Автор:
- Жанр:
- Издательство:неизвестно
- Год:неизвестен
- ISBN:9785449876317
- Рейтинг:
- Избранное:Добавить в избранное
-
Отзывы:
-
Ваша оценка:
Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 1-кітап краткое содержание
Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - читать онлайн бесплатно ознакомительный отрывок
Интервал:
Закладка:
Елшілікке жіберілген екі хазіреттің арқасында жер бетінде мамыражай заман орнайды. Адамдар түгелдей мұсылман болады. Осыдан «Аспаннан Иса түссе, Жерден Мәді шығады», – деген сөз қалған екен.
Мұнда исламның әділ жолымен жүрсең, екі дүниеде ниет-тілегің орындалады деген ой түйінделген .
АСТЫ ҚОРЛАҒАННЫҢ АРТЫ ОҢБАС
Қазақ халқы үшін дастарқан үстіндегі дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Тіпті, аңдаусызда үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығаратын көшпенділер үшін, тұз-дәмнің қасиеті ерекше. «Бір күн дәмдес болған кісіге қырық күн сәлем бер», деген сөз бекер айтылмаған.
«Кісі айдаса барма, дәм айдаса қалма» дейді атамыз қазақ.
1920 жылдар Жақанбек атты ауқатты кісінің даңқы қымызбен шығыпты. Жетісу өңіріндегі ел: «Шіркін, Жақан аулының қымызы-ай!» – деп тамсанып жүреді екен. Бір күні Ысқақ деген ақсақал Жақанбектің үйіне түсіпті. Жөн сұраса келе, үй иесі қонағының атақты мешкей Ысқақ екенін біліп, бәйбішесіне:
– Сабадағы қымызды сарқып ішетін дәудің өзі келіпті. Шөлін қандыру оңай болмас, тегі. Қымызыңа іркіттің суын қосып жібер, – деп құлаққағыс қылыпты. Бәйбіше отағасының айтқанынан аса алмай, айтқанын істейді. Екі тостаған қымызды сіміріп салған Ысқақ, ыдысын жозының үстіне қойып, сыртқа шығыпты. Мешкей қонағынан тезірек құтылғанына қуанған Жақанбек шығып:
– Апыр-ай, ақсақал, жүрісіңіз суыт қой. Неге асықтыңыз? – десе керек. Сонда Ысқақ:
– Е, Жақанбек, аңсап келгенде, аруақ қонған дастарқанның ақ, адал дәмін арамдап бердің. «Асты қорлағанның арты оңбас» деуші еді. Мен содан шошынып барамын, – депті.
Ай өтті ме, өтпеді ме, осы оқиғадан кейін ел іші бір дүрлікті. Жақанбек байдың жалғыз ұлы шілденің шіліңгірінде құм ішінде адасып кетіп, жұрт болып жабыла іздеп, үш күннен соң әрең тапқан. Басынан күн өтіп, таңдайы қаңсып, кеуіп кеткен байғұс бала ауыл іргесіндегі Жаманқұмда жол таба алмай, қаталап шөлдеп өлген екен.
АСТЫНДАҒЫ АТЫН АЛТЫ АЙ ІЗДЕПТІ
(Екінші нұсқасы)
Ертеректе Қасым деген бай болыпты. Сол кісі бірде қырық шақты жылқысын базарға пұлдап қайтпақшы болып, «Қоянды» жәрмеңкесіне жол тартыпты. Айдап бара жатқан өзі мінген атын қосқанда қырық жылқы еді. Базарға барған соң, 39 жылқысын сатады. Елден 40 жылқымен шыққан кісі: «Ау, бір жылқым қайда?» – деп таң қалады.
Ол кезде «Қоянды» жәрмеңкесіне 2—3 ай жол жүріп жететін. Еліне 2—3 айдан соң оралып, сатуға апарған жылқысының біреуі кем болғанын әңгімелеп отырады. Ауылдастарының бірі: «Ағасы, атыңыздың белгісі қандай?» – деп сұрайды. Ол: «Жирен қасқа ат еді», – дейді.
Інісі: «Аға, сіз сол жәрмеңкеге не мініп барып қайтып едіңіз?» – деп сұрайды. Сонда ғана өзінің мініп жүргені сол жирен қасқа ат екенін біліп, санын бір-ақ соққан екен.
«Астындағы атын алты ай іздепті» – деген қанатты сөз содан қалса керек.
АСТЫҢ ДӘМІН ТҰЗ КЕЛТІРЕДІ,
ҮЙДІҢ СӘНІН ҚЫЗ КЕЛТІРЕДІ
Ертеде бір бай өмір сүріпті. Оның айдай сұлу үш қызы бар екен. Бай күндердің күнінде қыздарын шақырып алып: «Қыздарым, сендер мені қаншалықты жақсы көресіңдер?» – деп сұрақ қояды. Сонда үлкен қызы тұрып:
– Әке, мен сізді қант секілді жақсы көремін, – дейді. Ал ортаншы қызы:
– Балдай жақсы көремін, —дейді.
Ең кіші қызы:
– Әке, мен сізді ас тұзындай қадір тұтамын, —дейді. Кіші қызының жауабына қанағаттанбаған әкесі қызын сарайдан қуып шығады. Қыз ұзақ жол жүреді. Әбден шаршаған қыз өзен жағасынан үлкен сарай көріп, қуанып кетеді. Сарайға енген ол, сонда қызметші болып жұмысқа тұрып, тіршілігін әрі қарай жалғастырады. Күндер айларға, айлар жылдарға ұласады. Күндердің бірінде оны көзі шалып қалып, хан ұлы ғашық болады. Хан қыздың жылы жүзінен кішіпейілділік, мейрімділік, ізгілік, адамгершілік қасиеттерін байқайды. Сөйтіп ұлына жар етуіне рұқсатын береді. Ұлан асыр той өтеді. Қыздың әкесі бұл тойдың қадірлі қонағы ретінде үлкен құрметпен шақырылады. Оған арнап ас әзірлеуді қыз өз мойнына алады.
Қыз әкесіне дайындаған тамаққа бал мен қантты көбірек қосады. Ол тағамды жеген әкесі:
– Менің тамағым неге басқалардікі сияқты дәмді емес, —деп ашуланады. Сонда бұл сұраққа қызы жауап береді: «Астың дәмін қант пен бал емес, тұз келтіреді, әке», —дейді. Сонда барып әкесі өз қателігін түсініп, қызынан кешірім сұраған екен.
Бұл жерде халық астың дәмін тұз келтірсе, үйдің сәнін қыз келтіреді деген ойға әкеп тіреп тұр. Иә шынында үйді сыпырып-сиырып, жинап, тазалап, ретке келтіріп, үйдің сәні мен әрін ашып отыратын қыз баласы емес пе. Ел арасында бұл мақалдың «Астың дәмін келтірген тұз әулие, елдің сәнін келтірген – қыз әулие» деген нұсқасы да кездеседі.
АСЫҒЫС ТҮБІ – ӨКІНІШ
Асығыс, қарбалас тірліктің шикі шығып, артынан әрқашан да өкініш тудыратыны бейнеленген Абай сөзі:
«Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол!
Асығыс түбі – өкініш,
Ойланып алмақ – сабыр сол».
АСЫЛ – АСЫЛЫНА, НӘСІЛ – НӘСІЛІНЕ
Бірде «ұрлық жасады» деп жарлы-жақыбайлау біреуді ханның алдына алып келіпті. Ол адам «тауып алдым, ұрлап алған жоқпын» деген сөзден танбапты. Ал талапкер болса, «әйтеуір жоғалған затым сенен шықты ғой, ұрлап алдың» деп қасарыса түскен екен. Сонда ақылды хан өз пікірін өз ішінде сақтай тұрып, уәзірлеріне: «Мына бейбаққа қандай жаза қолданамыз?» дейді. Бірінші уәзір: «Отқа тірідей өртеп жіберу керек» десе, екіншісі: «Қолын қол, бұтын бұт қылып, кескілеп өлтіру керек» дейді. Ал үшінші уәзір күлімсірей отырып: «Осы мен бір нәрсеге таңғалып отырмын», – дейді. Жұрттың бәрі оның аузына қарай қалады. – «Асыл – асылына, нәсіл – нәсіліне» деген бұрынғылардан қалған сөз бар-ды, сол рас па деймін. Мына уәзір «отқа өртеу керек» десе, екіншісі «кескілеу керек» дейді. Отты айтып отырған уәзіріміздің әкесі өмір бойы ұсталық құрған еді. Ал екіншісінің әкесі өмір бойы қасапшы болған-ды. Құдай ауыздарына қалай салып отыр десеңші…»
Екі уәзір де төмен қарап, үнсіз қалады. Сонда хан:
– Ал енді, өзің қандай уәж айтпақшысың? – дейді әлгі уәзірге.
Ол тұрып:
– Меніңше, бұл адам ұрлап алмаған. Түсіп қалған затты тауып алған. Бірақ тауып алған затын «оңай олжа» деп, алған да жүре берген. Ал, мұсылмандар маңайында тірі жан болмаса да, «мынау кімдікі?» деп үш рет айғайлап сұрауы керек. Бұл енді оның білместігі болған. Әңгіменің қысқасы: затын танып тұрған адам өз мүлкін алып жүре берсін. Ал мына жазаға тартылғалы тұрған адамға кешірім жасалық. Екіншілей қайталаса, осы уәзірлердің кесімі шешім болсын, – депті.
Хан басын изеп: «Кең болғаннан кем болмаспыз, кез келгенді қыра беріп, ел болмаспыз» деген екен.
АСЫЛЫҚ АЙТПА,
АУЗЫҢДАҒЫ АСЫҢНАН ҚАҒЫЛАРСЫҢ
Бұл нақыл «артық айтып, шектен шықпа, тәубеңе түс» деген емеурінді аңғартады.
Читать дальшеИнтервал:
Закладка: