Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
- Название:Қанатты сөз – қазына. 1-кітап
- Автор:
- Жанр:
- Издательство:неизвестно
- Год:неизвестен
- ISBN:9785449876317
- Рейтинг:
- Избранное:Добавить в избранное
-
Отзывы:
-
Ваша оценка:
Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 1-кітап краткое содержание
Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - читать онлайн бесплатно ознакомительный отрывок
Интервал:
Закладка:
Ілгері заманда дүниеде жоқ бай болыпты. Бірақ оның баласы болмайды. Жаратқанға жалынып, сыйынбаған мазары, бармаған жері қалмай жүріп, жасы жетпіске таяп қалғанда жалғыз ұл көреді. Баласы жастайынан елдің тілін алмайды, өзінің білетінін істеп, теріс болып өседі. Ата-анасы басқа қылар айласын таппайды. Ақыры атасы, «құс болып, ұлып қал, ұяң таста болсын», – деп қарғайды. Атадан қарғыс алған жалғыз бала «Байұлы» деген құсқа айналып қалған екен. «Ата қарғысы оқ» – деген сөз қалған екен елде.
Ілегіргі замандарда ата, әке қарғысы – ең ауыр, зардапты жазалардың бірінен саналған. Халық сенімі бойынша мұндай қарғыс арқалаған адам ерте ме, кеш пе бір қауіп-қатерге жолығады немесе өмірде жолы болмайды. Сондықтан есі бар әрбір ұл-қыз ата-ана қарғысына ұшырайтын теріс қылық-әрекеттерге бармаған. Ата-анасын мейлінше сыйлап, құрметтеп, олардың ұстанған пікір, көзқарастарына қарсы келе бермеген.
Бүгінгі күндері де сол дәстүр маңызын жойған жоқ.
АТА ҚАРҒЫСЫ – ОҚ(Екінші нұсқасы)
Қария сөздің айтуында Ақсерке дәулетті, бай болған адам екен. Байлықтың өзі адамның ниетіне бітеді деген сөз рас болса керек. Ақсерке мыңғырған малын бағып-қағатын малшылардан «аттың майы»* дегенді сұрамайтын мырза адам болыпты.
Бірде Ақсеркенің баласы Жарасты біреулер қоздырып, намысына тиіп, «шынымен әулеттерің мырза болса, мына жалы жер сызып жүрген ақ жал қара айғырды қонақасыға сойшы, көрейік» деп қойт-қойттайды* ғой. Жарас та қызуқанды жігіт болса керек, сол жерде айғырға бұғалық салдырып, шыңғыртып отырып бауыздатып тастайды. Ақ жал қара айғыр Ақсерке әулетінің кие-құты, малының басы екен. Сондай қасиетті жануарды пышаққа шалған баласы Жарасқа Ақсерке қатты ренжіп, теріс батасын беріпті.
«Ата қарғысы – оқ» деген, сол Жарастың ұрпағы өсіп-өнбеген. Кеңес заманындағы аласапыранда Жарастан тарайтын аз ғана ұрпақ Ауғаныстан ауып кеткен екен.
АТАМЫЗ – АЛАШ,
АТЫМЫЗ – ҚАЗАҚ,
ҮШ ЖҮЗДІҢ ҰРПАҒЫМЫЗ (Екінші нұсқасы)
Бір жорықта Қызыларыстан ханға асқан сұлу бір қыз тұтқын болыпты. Сонсоң, бұл қызды хан әйел етіп алыпты. Кейін бұл әйел жүкті болып, бір ұл табады. Әлгі ұлдың тұла бойы түгел ала болады. Мұны жамандыққа
Аттың майы* – бұл жерде аттың тері, күші.
Қойт-қойттайды* – айдап салады, қоздырады.
жорып, қалай жоғалтуды ақылдасқанда, ханның бәйбішесі: «Бұл баланы суға тастаңдар», – дейді. Бәйбішенің айтқаны бойынша баланы Сырдарияның суына апарып тастап жіберіпті. Мұны балық аулап жүрген бір кедей қария көріп, ұстап алады да, бағып бала қылады.
Сонымен, ала бала ер жетіп, асқан ақылды әрі батыр жігіт болыпты. Ала бала ел ішінде «Алаш» деп аталып, атағы жайылады. Мұны хан естіп, ордаға әкелдірмек болады. Бірақ ханның қасындағы Майқы деген адам: «Бұл баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігіт беріп, өз еркіне жіберу керек», – деп кеңес береді. Хан бұған мақұл болады. Бұған алғашында Үйсін деген жігіт жүз жігітпен барып қосылады. Келесі жолы Болат деген жігіт жүз жігіт бастап барып тағы қосылады. Үшінші жолы Алшын бастаған жүз жігіт және барып қосылады. Сонымен олар жорықтар жасап, төңірегіндегі елдерді бағындырады.
Кейін бұлар бас қосып жиын ашып, Алашты ақ киізге отырғызып хан көтеріпті. Сонан барып әлгі ала бала «Алаш хан» атаныпты. Үш жүз жігіттен қазақтың үш жүзі тарапты. Яғни, Үйсін бастаған жүз жігіт – Ұлы жүз, Болат бастаған жүз жігіт – Орта жүз, Алшын бастаған жүз жігіт – Кіші жүз болыпты. Сондықтан да қазақтар: «Атамыз – Алаш, атымыз – қазақ, үш жүздің ұрпағымыз», – дейді.
Бұл сөз тіркесі кейде «Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш» немесе «Киіз туырлықты, „Алаш“ ұранды қазақпыз» дегендей өзгерістермен де айтыла береді. Соған қарағанда, бұл сөз тіркестері Қазақ хандығы шаңырақ көтерілмей тұрып, одан бұрынғы дәуірлерде де кең қолданыста болған тәрізді. Яғни, «Алаш» сөзі ежелгі қазақ тайпаларының ең алғаш қауым болып біріккен одағының атауы болса керек.
АТАНЫҢ БОЛМА БАЛАСЫ,
ХАЛЫҚТЫҢ БОЛ ДАНАСЫ
Досбол шешен қартайған шағында Наурызбай деген болыстың үйіне барады. Наурызбайдың үйі лық толған кісі екен. Ылғи жайсаң, байлар. Досболға онша мән бермей босағаға таяу жерге отырғыза салады. Өзі болыс, өзі бай, өзі жас Наурызбай әркімді бір сөзбен іліп-қағып отырады. Бір кезде босаға жақта отырған Досболға қарап:
– «Ана қарияның елінің қары әлі кетпеген екен-ау» деп күледі. Онысы Досболдың үстіндегі жаман тон мен басындағы тері тымақты сықақ қылғаны. Оған Досбол шешен жауап бере қоймайды. Наурызбай біраздан кейін тағы Досболға бұрылып:
– «Ана кісінің үстінде дүниенің біраз байлығы бар шығар» дейді. Сонда Наурызбайдың бұл мұқатқанына шыдай алмаған Досбол шешен былай депті:
– …Уа, кәрілік, саған не жаздым,
Айғыр едім ат қылдың.
Жалғыздық саған не жаздым,
Сөйлер сөзге мәрт қылдың.
Жарлылық саған не жаздым,
Ағайынға жат қылдың.
Ағайынның азғанын
Өзі білмес, жат білер.
Қапталдықтың батқанын
Иесі білмес, ат білер.
Хан-патшаның азғанын
Қырағы көзді халық білер.
Менің кім екенімді білмесең,
Анау төрде отырған
Жаңаторы деген қарт білер.
Сол кезде Наурызбай болыс орнынан ұшып тұрып: – Сіз Досбол шешен екенсіз ғой, қария, кешіріңіз, – деп Досболдың үстіне жанат ішігін жаба бергенде, ішікті серпіп тастап, Досбол: «Мен ат мініп, тон кигелі жүргенім жоқ» деп тағы тақпақтата жөнеледі:
– Қатқан тонды қартайған
Бір ғана мен емеспін.
Бұдан былай кездессе,
Солармен де кеңескін.
Атаның болма баласы,
Халықтың бол данасы, – деп шешен мақтаншақ Наурызбай болысты жиналған халық алдында қатты ұялтқан екен.
Тек өз қарақан басыңа, отбасыңа ғана емес, ауыл-аймағыңа, ел-жұртыңа да пайдаң тиетіндей азамат бол деген мағынада айтылған.
АТАНЫҢ АТ ТҰЯҒЫ ЖЕТКЕН ЖЕР
БАЛАҒА МИРАС
Бәйдібек би «Бұлақ көрсең, көзін аш, құдық көрсең шегенде, оның басына тал ек» дейді екен. Малын өргізіп, жайылым іздеген ауылдастарына «Қыстау, қорған салыңдар. Оны тастап кетпеңдер. Оған айналып соғып, қыс қыстап, жаз жайлап жүріңдер. Аттың тұяғы жеткен жер бекер қалмасын. Төбе басына оба үйіп, қада қағып, белгі тастап отырыңдар», – деп өсиет айтатын бопты. Бәйдібек бабаның осы өсиеті бекер емес екен.
Бір жолы моңғол ма, жоңғар ма, әйтеуір бір елмен шекараға мал жайылымына талас туыпты. Сонда екі елдің ел басшы, ел билері орталарынан кісі шығарып шекараны анықтау үшін жүріп отырып, «Мынау бұлақ кімдікі, мынау құдықты кім қазған, талды кім отырғызған?» десе, Бәйдібек аулының адамдарынікі болып шыға беріпті. «Мынау обаны кім үйген, мынау қаданы кім қаққан?» десе де, Бәйдібек адамдары ие бола беріпті. Айдан-анық, тайға таңба басқандай, белгі-дәлелдерін көріп, даукес елдердің амалы құрыпты. Көнбеске амалы қанша, сол «Бәйдібек қыстауы», «Бәйдібек аулының жайлауы», «Бәйдібек құдығы», «Бәйдібек бұлағы», «Бәйдібек талы» деген жерлерден шекара сызығы тартылып, екі ел шекарасы белгіленіп, жер дауы шешімін тауыпты деседі ел. «Атаның ат тұяғы жеткен жер, балаға мирас» деген осы.
Читать дальшеИнтервал:
Закладка: