Қанат Жойқынбектегі - Ел Шоңы. Бесінді. III кітап
- Название:Ел Шоңы. Бесінді. III кітап
- Автор:
- Жанр:
- Издательство:неизвестно
- Год:неизвестен
- ISBN:9785005549495
- Рейтинг:
- Избранное:Добавить в избранное
-
Отзывы:
-
Ваша оценка:
Қанат Жойқынбектегі - Ел Шоңы. Бесінді. III кітап краткое содержание
Ел Шоңы. Бесінді. III кітап - читать онлайн бесплатно ознакомительный отрывок
Интервал:
Закладка:
Нұра жақтан келе жатқан Ахметжан кенет сыртта жүрген әкесін байқап қалды да, атының басын соған қарай бұрды. Қасына келіп, ат үстінде тұрып сөз бастай беріп еді, Шоң онысын жақтырмай қалды. Ахметжанның мына ат үстінен тұрып сөйлегенін ұнатпай:
– Немене, бір жаққа асығып тұрмысың?
Сонда ғана барып Ахметжан әкесінің аттан түспей тұрып сөйлегенін ұнатпай қалғанын түсініп, атынан түсті.
– Иә, не бітіріп қайттың?
– Ана екеуі де сөзге түсінбейтін адамдар екен.
– Олар кімдер?
– Ана Жабағы мен старостаны айтамын.
– Сөзге түсінбейтін адам болмайды. – Әлгі жігіттің сөзге түсінбей кеткенін біліп тұрса да Шоң әдейі айтқан. – Сенің айтар сөзің нашар болған ғой. – Көкшетаулық жігіттің қылығы ішіндегі ашуын тіптен күшейтіп жібергендей болды. Содан кейін ләм деген жоқ, Шоң жүріп кетті. Ахметжан да соңынан ермекші болып еді, бірақ әкесінің тым көңілсіз екенін біліп, атын жетектеп үйге қарай кетті.
Жалғыз қалған Шоң ойға берілген еді. Оспанды кішкентай күнінен Телқозы баурына салған болатын. Соның әсері ме, айтар сөздерінде, істеген істерінде тура Телқозынын қылықтары бар екенін сезетін. Шоң баласының соның ықпалымен кеткенін сезіп, оған онша үндемейтін. Ал мына Ахметжанның тәрбиесін өзіне алған. Қазір үлкейіп, бала-шағалы болса да қолында тұратын. Ойы заман ағымына сай етіп тәрбиелеу болатын. Соңғы кезде барған жерінде ертіп алып жүруді шығарған еді. Ойлайтын, балам менің сөзімді тыңдап, ақылға салып отырады деп түйетін іштей. Анда-санда осындай бірді-екілі тапсырма да беріп жүретіні сондықтан еді. Шоң ешқашан Ахметжанға ананы былай жаса, мынаны олай ет деп айтпайтын. Қажетті жерінде кеңесін ғана беретін. Оны жасау санасына, Құдай берген ақылына байланысты деп білетін. «Шайнап берген ас тамақ болмайды» мәтеліне жүгінетін. Қазір ат үстіндегі жаңағы отырысынан, жаңағы айтқан сөздерінен біраз кемшілікті көргендей болды. Қанша ақыл айтып, үйренгенімен Құдай бермесе ештеңе шықпайтынын түсініп келе жатқан. Дегенмен, әлгінде ғана айтқанын тыңдамай кетіп қалған көшкетаулық жігіттің Ахметжаннан көп артықтығы барын сезді. Оның әлгі айтқан сөздерін еске алып, баласының бойынан көп кемшілікті тағы да аңғарғандай болды. Сөзінде көп қателіктер болса да анау әлдеқайда артық, түбінде көп нәрсені тындыратын жігіт екенін ойлады. Енді өз кінәсі, жаңағы айтқан сөзім тым артықтау болып кетті-ау деген ой мазасыздандырған еді. Ешкімді айтумен, оқумен саналы, білгір ете алмайсың. Бәрі жаратылысына байланысты екеніне тоқтаған еді іштей.
Әкесі Телқозы айтқандай, үш баласының ешқайсысы өзіне тартпаған. Шоңның арманы – артында жақсы бір ұрпақ қалдырғысы келетін. Ол дегені ешқашан орындалмайтынын енді түсіне бастаған. Әйімкүлдің ыңғайымен жүріп, көп уақытын өткізіп алғанын білді енді ғана.
Телқозының тоқал ал сөзін ойынан өткізіп, сараптап келе жатты. Өкінішке толы өмірі көз алдынан өтіп жатқандай болды. Әлгі жігіттің сөзінен кейін басына беймәлім бір арман мен бір түсініксіз ой қатар келіп, Шоң қайсысына тоқтарын білмеді. Бұл өмірден көп нәрсені жоғалтқанын енді түсінгендей болды. Сол ойдың шырмауына беріліп тыста ұзақ жүрді.
Оспанға реніш
Оспан үйленгеннен кейін өз алдына отау етіп, бөлек шығарған болатын Телқозы. Қараағаш маңындағы бір шұрайлы жерге өз алдына қоныс берген еді. Телқозының мұндағы ойы жақсы жерден айрылып қалмау еді. Айналадағы жағдайды жақсы түсініп отырған. Соңғы кезде халық саны күрт өсіп, шабындыққа, жайылымға таласу орын алып бара жатқан. Әр би, әрбір бай адамдар балаларын жеке шығарып, соларға өз алдына қоныс әперіп жатқан. Оның үстіне орыстар көшіп келіп жатыр. Телқозы ертеңді қатты ойлайтын адам еді. Ел де соны білгендей, маңайдағы шабындықтарды қағаздап, өз аттарына түсіріп алып жатқан. Бұрын мұндай тәртіп болмайтын. Ана жер пәлендікі, мына жер түгендікі, сол маңайды жайлаған адамдардың атына байланыстырып алып жүре беретін. Орыстардың келуі қазақтарға да көп жағдайды үйреткен еді. Мал бар, ендеше жер керек. Қараағаш маңындағы барлық жерлерді қағаздатып бөліп алған. Бұрын қимылдағандар жақсы шабындық жерлерді алып, кеш қимылдағандар арасында құр қол қалғандар да бар еді.
Телқозы да дер кезінде сонау заманнан бергі Жанкелді тұқымының жерін түгел қағаздап алған еді. Телқозы балалары жеріне билікті енді Оспан жүргізетін болған. Одан басқалары бұл шаруаға араласпайтын.
Оспан Телқозыдағы мал билігін алып, шаруашылықты өзі билей бастаған кез еді. Ол Телқозы тәрізді іске тапқыр, шаруақой адам болды. Ақмолаға да жиі барып, бүкіл Телқозы тұқымының малдарының саудасын ұйымдастырып жүрді. Оған Шоң, Телқозы, басқа туыстары да риза еді.
Бір күні Шоң салт атпен көрші ауылдан келсе есік алдында бір бие Малай мініп жүретін күрең аттың қасында байлаулы тұр екен. Шоң Әйімкүлден сұрады.
– Мына бие кімдікі?
– Әлгінде Малай әкелді.
– Ол қайда?
– Үйде демалып жатыр.
Шоң үйге кірген еді. Малай төр алдына шалқасынан түсіп жатыр екен. Ағасын көріп ыңғайсызданып басын көтеріп алды. Шоң одан сұраған.
– Даладағы байлаулы тұрған бие кімдікі?
– Мына Тамадағы Естайдың үйіне барып едім, сол болмай атымның қосағына байлап жіберді. Оспаннан шөп шабуға жер алған көрінеді.
Шоң Оспанда да Телқозы тәрізді біреуден бірдеңе алу әдеті барын білетін. Баяғы Кеттебектің биесі мен айғыры есіне түсті. Іші бірдеңені сезгендей болды. Содан соң:
– Мыналарың ұят болады. Биені қайыра апарып бер. Оспан жерді берсе саудаламай-ақ, жай берсін! – деді.
Шоң ертеңгі күні көрші отырған ауылдардың адамдары мұны естісе, анау болыс болған соң билігін жасап, барлық тәуір жерлерді өзіне алып, артығын сатып отыр дегенді шығаратынын білетін. Шоңның көңілі ондай сөз болғанын қаламайтын. Содан кейін інісіне айтқан еді, жерді беретін болса саудаламай-ақ берсін деген.
Малай ағасының бұл сөзі ұнамай тұрса да үндеген жоқ. Жүрерінде биені жетегіне алып жүріп кетті.
Шоң өзінен өзі отырып ренжіді. Бір түсініксіз ашуға берілгендей еді. Сырттан кірген Әйімкүл күйеуінің көңілсіз отырғанын көріп:
– Шоңке, тағы да басыңыз ауырып отыр ма?
– Жоқ. Осы Оспан бір дүниеқоңыз ғой деймін. Ана Естайға шабуға жер бергені үшін бір бие алыпты!
Орынсыз алған дүние пара болатынын білсе де, Телқозының әсері ме, Әйімкүлдің өзі де алғанды жақсы көретін. Біреулер бірдеңе әкелсе сол адамды жақсы көріп, шайын қайнатып, асты-үстіне түсіп жататын. Баласы туралы Шоңның мына айтып тұрғанын ол да, Малай тәрізді, жақтырмай қалды. Соңғы кезде күйеуінің басы ауыра бастағанын білетін, сондықтан басы артық сөз айпай, қас-қабағына қарап қамқорлық жасайтын. Содан ба, баласының мынасына іштей ренжіп қалды да, үндемей сыртқа шығып кетті. Тыста дамыл тауып жүре алмады. Қайыра кірген.
Читать дальшеИнтервал:
Закладка: